Тарихы

«Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының құрылуы мен даму тарихы
Бүгінгі күнде табиғи катаклизмдер, техногендік апаттар дер кезінде және тиісті түрде әрекет етуді талап етеді, сол себепті «Төтенше жағдайлар» ведомствосына шұғыл, әрі оңтайлы түрде әрекет етуге мүмкіндік берген «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы атты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті авиациясының негізі қаланды.
«Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының тарихы 2002 жылдан бастау алады. 2002 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіруші» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрамында авиациялық бөлім қалыптасты. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2002 жылғы 26 тамыздағы №638 бұйрығымен «Өрт сөндіруші» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылымында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіру мен авариялық құтқарудың қазақ авиациялық қызметі» атты жаңа авиациялық бөлімшесі ашылды.
2005 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы» № 53 қаулысының негізінде «Қазавиақұтқару» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны пайда болып, 2011 жылғы 20 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бұйрығымен Жарғылық капиталда мемлекеттің жүз пайыздық қатысу үлесі бар «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамына түрлендірілді.
«Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы қызметінің негізгі мәні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласында авиациялық қызмет көрсету және азаматтық авиация саласында өзге шаруашылық қызметтерді жүзеге асыру болып табылады.
ҚР ІІМ ТЖК әуе кемелері төтенше жағдайлар орын алған жерлерге гуманитарлық жүк, құтқару жасақтарын және арнайы жабдықтарды жеткізеді. Одан басқа, ТЖК авиациясы авиациялық барлау және су тасқыны мен мұз басу жағдайын бақылау мақсатында Алматы қаласының су тасқыны аймақтарында және тау бөктерінде ұшуларды орындауға қатыстырылады, төтенше жағдайлардан кейін қалпына келтіру жұмыстарын қамтамасыз етеді, апатқа ұшыраған кемелердегі балықшыларды құтқарады, орман және дала өрттерін сөндіреді.
«Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының ҚР ІІМ ТЖК төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша қызметіндегі орны бөлек. Мысалы, Алматы, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған ауқымды су тасқындары кезінде ұшқыш-құтқарушылар бірнеше мың адамды көшіріп, олардың өмірлерін сақтап қалды.
Сонымен қатар «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлестікте Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындауға қатысуда. Бұл бағдарламаның шеңберінде Қоғамның әуе кемелері білікті медициналық мамандарды белгіленген жерге жеткізу мен шалғай жатқан елді мекендердегі науқастарды мамандырылған жедел медициналық көмек көрсету үшін аудандық, облыстық, республикалық медициналық мекемелерге тасымалдау бойынша ұшуларды орындап жүр.
Авиациялық парк ойдағыдай жаңартылуда. Қазіргі уақытта ол төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерді құтқаруға және медициналық көмек көрсетуге арналған мамандырылған заманауи авиациялық техникамен толықтырылып отыр.
Қазіргі таңда «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының әуе паркісінде Ми-171, Ми-8Т, Ми-8МТВ, Ми-17В-5, Ми-26 мен заманға сай медициналық модульдермен жабдықталған ЕС-145 (Eurocopter) және өрт сөндіруге арналған SIMPLEX жабдығы орнатылған көп мақсатты Ка-32 тікұшақтары бар.
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 60-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №72 қаулысымен «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператор болып белгіленді.