«Апаттар медицинасы орталығының» психологтары төтенше жағдай орнына келіп жеткен кезде, зардап шеккен адамдарға, олардың жақындарына және туған-туыстарына шұғыл психологиялық көмек көрсету барысында, бір немесе бірнеше адамдарға бірден көмек қажет екенін көреді. Психологтар зардап шеккен адамдармен жеке түрде жұмыс жасайды. Бірақ зардап шеккендер саны көп болған жағдайда психологтарға топпен жұмыс жасау қажет болады.
Топ - қысқа мерзімді, ұйымдастырылмаған және құрылымсыз жиналған бірнеше адамдардан тұрып, қоғамға және оның өміріне бір сәтте әсер етіп, жасақтайтын немесе жоқ қылатын, биікке көтеретін немесе таптайтын, адамдардың мінез-құлқына және қызметіне кедергі келтіретін болғандықтан онымен жұмыс жасау қиын, әрі қауіпті.
Топтың қауіпті екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Ол ғимараттарды бұзып жоюы мүмкін, қарсыластарын соққыға жығып, өлтіруі мүмкін, тіпті өз қатысушыларын таптап тастаудан да тайынбайды. Ол өз ішіндегі қатысушыларға да, топқа қарсы тұрушыларға да бірдей қауіпті болып саналады. Топтағы адамдарда анонимділік және жазасыздық мүмкіндіктері пайда болатындықтан топтағы жеке тұлғалар ең нашар сапаларын жүзеге асырады. Бұл сапалар барлық ортаға таралады. Сол кезде жеке тұлғалар гипноздық трансқа түсіп, жеке өмірінде ешқашан өздігінен жасамаған іс-әрекеттерді жасайды. Топта әлеуметтік және зияткерлік деградация байқалады.
Топтың қауіпті, әрі онда бақылаудың болмауы бірнеше психологиялық ерекшеліктерге байланысты: түсіністік қабілетінің жойылуы, елестету мүмкіндігінің күшеюі, галлюцинациялық трансқа түсуі, қатаңдық, эмоцияның ақыл-ойдан басым түсуі, бейсаналық құбылыстарды жүзеге асыру, тұлғаның жеке мүдделерінің маңыздылығын төмендету, жауапсыздық, пікірлер мен көңіл-күйдің тұрақсыз болуы, физикалық белсенділіктің артуы. Топта адамдардың жеке ерекшеліктері жойылады, нәтижесінде көптеген адамдар инстинктивтік және бейсаналық қалыпқа түседі.
Топта адамдар өздері сезбей жанында тұрған адамның эмоцияналдық күйін өздеріне қабылдайды. Эмоцияналдық реакция неғұрлым күшті, әрі жарқын болса, оны жұқтыру соншалықты оңай болады. Көбінесе ашу-ыза, қорқыныш, үрей эмоциялары «жұқпалы». Дегенмен, танымал сенімге қарамастан, адамдар тек жағымсыз ғана емес, сонымен бірге оң мінез-құлықтарды да қабылдай алады, мысалы: өзара көмектесу, адалдық сияқты. Эмоцияның таралуы тізбекті реакция механизмі арқылы айқын көрінеді.
Психолог барлық қауіп пен күрделілікке қарамастан топпен жұмыс істей отырып, келесі ерекшеліктерді білуі тиіс:
- апат кезінде құрылған топ үш санаттан тұрады: зардап шеккендер, олардың жақындары мен туыстары, сонымен қатар болған оқиғаны бақылаушылар;
- негізгі жұмыс бірінші екі санатпен жүргізіледі;
- бірақ, үшінші санаттағы адамдарды бақылаудан тыс шығармау керектігін есте сақтаңыз.
Психологтардың бақылауы бойынша оқиғаны өз назарына көбінесе психикалық жағынан сау емес адамдар аударады. Бұл феномен әзірше түсіндірілмеді. Бірақ, көбінесе психикалық жағынан тұрақсыз адамдар истериялық түрде әрекет етіп, қобалжуға бейім болады. Ал ол жоғарыда атап айтқандай топтағы басқа адамдарды жұқтырумен қауіпті. Психологтың міндеті – мұндай реакцияларды бейтараптандыру.
Топтағы жұмыс бойынша психологтың негізгі міндеттері:
1. Зардап шеккендер мен олардың туыстарының жарақаттануының алдын алу. Мұнда мамандар назарға алатын бірқатар реакциялар бар: ступор, психомоторлық қозу, стереотиптер, истерия, жылау, қорқыныш, ашу-ыза, апатия, жүйкелік дірілдеу және т.б.
2. Эмоция жұқтыру механизмінің нәтижесінде үрей және жаппай жойғыш әрекеттердің алдын алу. Осы екі тармақты жиынтықта қарастырып көрейік:
Бұл деструктивті реакциялар физиологиялық қажеттіліктерді қанағаттандырмаумен байланысты жиі бұзылады. Аштық, шөл, суық және ыстық ауа-райы эмоционалды хәлді күшейтеді, сол себепті кез-келген маманға қол жетімді алдын алу шаралары – таза судың, ыстық шай және жылы көрпелердің болуын ұйымдастыру. Топта не болып жатқанын түсінбестен, өздеріне ересектердің ең жағымсыз эмоционалды жағдайларын қабылдайтын балалар жиі кездеседі. Сондықтан балаларды болып жатқан жағдайдан алыстату үшін психологта ең аз деген сурет салуға арналған құрал-жабдықтар болуы қажет.
Истериямен жұмыс істеу. Истерия – зардап шеккендер арасында аса қауіпті рекция, себебі ол күшті жұқтырғыш қасиетке ие. Тіпті апат кезінде истерияға бейсана жағдайымен түскенімен, ол көпшілікке бағытталған. Истериялық реакцияға тап болған зардап шегушіні топтың ортасынан шетіне, мүмкіндігінше алысқа алып кетіп, топқа арқасымен қаратып қойып, истерияны басу үшін күтпеген іс-қимыл жасау қажет, мысалы, салқын суды бетіне шашуға болады. Бұл іс-қимылды психологтың өзі емес, истерияға түскен зардап шегушінінің жақын адамы жасаған дұрыс болып саналады. Сондықтан психологтың тағы бір міндеті - осындай жағдайда қарапайым адамдарды шұғыл негативті реакциялармен жұмыс істей алуына тез арада үйрету болып саналады.
Агрессиямен жұмыс істеу. Жоғарыда айтылғандай, топ тез арада агрессивті бола алады, сонымен қатар ауызша агрессия физикалық агрессияға тез ауысады. Егер психолог қанағаттандырылмаған адамдардың тобын байқаса, оған жақындап «Сіздердің араларыңызда кім басшы?» деп сұрауы қажет. Бұл сұрақ анонимділікті алып тастап, жауапкершілікті арттырады және де агрессияны басады. Бұл сұраққа жауап берген адамның негізгі мақсатын және сұранысын білген соң, оларға шынайы жауап беріп немесе мүмкіндігінше жақын арада жауап беруге уәде ету керек. Жауабыңызды беретін дәл уақытты айтып, сол айтылған уақытта психолог дұрыс жауаппен оралуы қажет.
Үрей шабуылы – бұл аса күшті қорқыныштың немесе мазасыздықтың әсерінен аяқ астынан пайда болатын шабуыл. Шабуыл кезінде бірнеше симптомдар көрініс беруі мүмкін: гипергидроз, жүрек соғуының жиілеуі, дем алудың қиындауы, тонып дірілдеу, тербелістер, ессіздік (жындану) немесе өлім қорқыныштары, бас айналу, құсу және т.б.
Үрей шабуылдарының белгілері мүлдем күтпеген жерден пайда болатын қорқыныштардан көрініс табады. Адамдар өлуден немесе жынданып кетуден қорқады. Сондай-ақ жеке тұлға организмдегі жағымсыз физикалық симптомдарды басынан өткізеді. Олар мұның себебін түсіндіруге немесе онымен күресуге қабілетсіз.
Үрейге түскен топпен жұмыс жасау. Егер топ шынайы немесе жалған қауып-қатерден құтқару мақсатында қозғалса, адамдардың тапталып қалмауын бақылау қажет. Себебі тапталған адамдарда тек зардап шегіп қана қоймай, өліп кету қаупі де жоғары. Мұндай топқа саналы түрде сана-сезімін сақтап қалған адам қажет. Бұл үшін сіз жақын тұрған адамдармен қол ұстасып, айқын және қатты дауыстап «ШЫ-ҒА-ЙЫҚ» деп айқайлау қажет.
Топ ішінде қалай әрекет ету керек:
- Ешқашанда адамдардың қозғалысына қарсы жүрмеңіз;
- Топ шетіне жақын жүріп, баспалдақ және бұрыштардан абай болыңыз;
- Егер қандайда бір нәрсеңізді (сөмке, сағат, көзілдірік, қолшатыр) түсіріп алсаңыз, оны қайта аламын деп талпынбаңыз. Бұл сіздің өміріңізге қауіпті болуы мүмкін;
- Топ ішінде белсенді әрекет жасамаңыз - қолыңызды созбаңыз, оны сындырып жіберуі мүмкін;
- Сырт киіміңізді жауып бекітіңіз, шынтағыңызды бүгіп, денеңізге жақын ұстаңыз және ақырын топ ішінен шығыңыз;
- Егер сіз құлап қалсаңыз, тез арада қолыңызбен басыңызды жауып қорғаныңыз және бірден тұруға талпыныңыз.
Топ – қауіпті және шым-шытырық (хаостық) құбылыс. Көлемдітөтенше жағдай кезінде туындаған көптеген адамдардың жиналып-қирауын айналып өту арқылы ғана өз-өзіңізге көмектесе аласыз. Егер қандай да бір себеппен топ арасында болып қалсаңыз, барынша сабырлық сақтап, өз-өзіңізді ұстай біліңіз. Жоғарыдағы кеңестерді естен шығармаңыз.
 
ҚР ІІМ ТЖК «АМО» ММ
Алматы қ. бойынша психологы
А. Ешимбетов