Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия туралы ереже

 
1. Жалпы ережелер
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) консультациялық-кеңесші орган болып табылады және азаматтық қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүргізу жөніндегі ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылды.
Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
Комиссия өз өкілеттіктерін орталық және жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасай отырып, жүзеге асырады.
2. Комиссияның міндеттері мен құқықтары
Комиссияның негізгі міндеттері:
азаматтық қорғауды дамытудың және одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары;
азаматтық қорғау саласындағы құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де шаралар жүйесін
қалыптастыру;
азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын құру және дамыту;
төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, авариялар, апаттар, дүлей және өзге де зілзалалар салдарынан зардап шеккен азаматтарды, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жоюға қатысқан адамдарды әлеуметтік-экономикалық және құқықтық қорғау, медициналық оңалту мәселелері жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Комиссияның:
азаматтық қорғау саласындағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің іс-әрекетін үйлестіру бойынша ұсыныстар енгізуге;
азаматтық қорғау саласындағы іс-шараларға қатысты мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың,
ұйымдардың басшылары мен лауазымды адамдарының есебін тыңдауға;
орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан олардың қызметі туралы өз жұмысына қажетті ақпаратты сұратуға;
азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды орталық және жергілікті атқарушы органдардың орындауына талдау жүргізуге;
азаматтық қорғау мәселелері бойынша талдау, сараптама және басқа да жұмыстарды орындау үшін ұйымдардың мамандарын (олардың басшыларымен келісім бойынша) тартуға;
Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін бекітілген нормалар негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы ұсыныс енгізуге құқығы бар.
3. Комиссия қызметін ұйымдастыру
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі комиссияның төрағасы болып табылады.
Комиссия төрағасы комиссияның қызметін басқарады, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды, шешімдердің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады.
7. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті комиссияның жұмыс органы болып табылады.
Комиссияның жұмыс органы Комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде
Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Кеңес отырысы өткізілерден үш жұмыс күні бұрын хаттама жобасымен қоса Кеңес мүшелеріне жіберілуі тиіс, қабылданған хаттамалық шешімдердің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
8. Комиссия өз қызметін төраға бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.
Комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін талап ететін мәселелер бойынша тиісті ұсыныстарды белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі арқылы енгізеді.
9. Комиссия қабылдайтын шешімдер оның құзыретіне сәйкес ұсынымдық сипатта болады.
10. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін комиссия хатшысы хаттаманы ресімдейді.
11. Комиссияның шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда қабылданған болып есептеледі. Дауыс беру Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысанда дауыс беру парағын толтыру арқылы өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданған болып саналады.
Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiрге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, жазбаша түрде баяндалуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссия отырысының хаттамасына және есеп-хатына қоса берілуге тиiс.
Комиссияның отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парағы негізінде үш жұмыс күні ішінде төраға және хатшы қол қоятын хаттама толтырылады.
Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Комиссия мүшелері қабылдаған шешімдерінің нақтыланған редакциясымен келісу үшін комиссия хатшысы дауыс беру парағын жібереді.
Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не келіспеу туралы себептерін негіздей отырып жауап береді.
12. Комиссияның дауыс беру парағы қоса берілген материалдар мен хаттамалық шешімдерді есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
4. Комиссия қызметін тоқтату
13. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің шешімі Комиссия қызметін тоқтатуға негіз болып табылады.