Принтерге шығару
2018 жылдың 28 мамырда ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин адамдар көп баратын нысандарда өрт қауіпсіздігі саласында мемлекеттік бақылау бойынша жүргізілген тексерістердің қорытындылары туралы баяндады.
Азаматтық қорғаныс органдары халық көп баратын сауда нысандарының өртке қарсы қауіпсіздік шараларын тексеруді аяқтады.
«Жалпы, елімізде 1243 нысан тексерілді, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 15 мыңнан астам өртке қарсы қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. 19 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар салынды», — деді Ю. Ильин.
Сонымен қатар, ішкі істер министрінің орынбасары тексерістер аяқталғаннан кейін өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтау және өрт орын алған жағдайда қалай әрекет етуге байланысты оқу-жаттығуларын қызметкерлерге, қорғау құрылымдарына және объектіге келушілерге міндетті түрде жүргізу керектігін атап өтті.
Бүгінгі таңда 41 мыңнан астам адам оқытылған. Сонымен қатар өрт сөндіру қызметтері ірі сауда нысандарында 494 өртке қарсы тактикалық жаттығулар өткізді. Тексеру нәтижелері туралы толық ақпаратты Төтенше жағдайлар комитетінің веб-сайтынан «Тексерістердің нәтижелері» айдарынан алуға болады.
Юрий Ильиннің айтуынша, бүгінде бұзушылықтарды жоюға берілген мерзім аяқталғаннан кейін 120 объектіде бақылау-тексеру жұмыстары жүргізілді, олардың 98-і тапсырмаларды толығымен орындаған.
34 нысанда бұзушылықтар толықтай жойылмаған. Осы объектілерге қойылатын талаптарды сақтамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3 тармағы бойынша әкімшілік материалдар қозғалып, шешім қабылдау үшін сот органдарына жіберілді. Заңды тұлғаның санатына қарай 100-ден 500 АЕК мөлшерінде айыппұлмен қатар, сот шешімі бойынша нысанды пайдалануды үш айға дейін тоқтату түрінде санкция қарастырылады.
Ю. Ильиннің айтуынша, Бас прокуратураның кестесіне және тапсырмаларына сәйкес мемлекеттік және жеке меншік білім беру нысандарына да тексеріс жүргізілуде.
Бүгінгі таңда 11 541 білім беру мекемесінің 7603 нысаны тексерілді. Тексерілген нысандарда 33 мыңнан астам (33 177) талап бұзушылық анықталды. 1344 нысанда бұзушылықтар анықталған жоқ. Аталған жұмыс әрі қарай жалғаспақ. Жұмысты маусым–шілде айларында аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, оқу жылының аяқталуына және жазғы демалыс күндерінің басталуына байланысты, Төтенше жағдайлар комитеті балаларды одан әрі қабылдау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мектеп жанындағы, мектепке дейінгі балалар лагерлерін тексеруді бастады.