Дәрігерге дейінгі көмек

ҚР ІІМ ТЖК «АМО» ММ Астана қ. бойынша филиалының «Анар» ТМҚП дәрігері Жабаев А.К.

Үсік шалу

Үсік шалу – төмен температураның әсерінен ағзаның кез –келген  жерінің бүлінуі. Үсу — суықтың әсерінен денедегі тіндердің зақымдануы. Үсу ауа райының аязды күні ғана емес, сондай-ақ температура нөлге жуық кезде де ылғалдылық жоғары болып, күн ұзақ уақыт суытқанда болуы мүмкін. Үсуге суық жел, ауаның ылғалдылығы, су болған әрі тар киім, аяқ киім, қолғап немесе мастық, организмнің жалпы әлсіздігі әсер етеді. Үсікке көбінесе саусақ, башпайлар, мұрын, құлақ шалдығады.

Үсік шалудың белгілері:

Тері реңі ақшыл-көк;

Темературалық, тактильдік (қолмен ұстағанды сезу) және ауырсыну сезімі болмайды;

Жылынғанда қатты ауыру, қызару және жұмсақ бұлшық еттерінің ісінуі пайда болады;

Аса терең зақымданғанда 12-14 сағаттан кейін қанға толы көпіршіктер пайда болуы мүмкін.

Жеңіл деңгейі: дененің температурасы 32-34С жетеді. Тері қабаты бозарған немесе көкерген, «құс терісі» сияқты болып, дененің қалтырауы мен сөз сөйлеуі қиындайды.

Тамыр бүлкілі минутына 60-66 соғысқа дейін төмендейді. Артерия қысымы орташа немесе бірнеше жоғары болады. Дем алуы қалыпты. Үсік шалудың І-ІІ дәрежесі болуы мүмкін.   

Орташа деңгейі: дененің температурасы 29-32С жетеді. Адамның ұйқысы келіп, есін билуі төмендеп, көз қарасының төмендеуі пайда болады. Тері қабаты бозарған немесе көгерген. Кей кезде мрамор түстес. Ұстағанда суық болады. Тамыр бүлкілі минутына 50-60 соғысқа дейін төмендейді. Артерия қысымы азырақ төмендеген. Дем алуы минутына 8-12 ге дейін. Үсік шалудың І-ІV дәрежесі болуы мүмкін.  

Ауыр деңгейі: дененің температурасы 31С жетеді. Есін жоғалтады. Құсу мен сіңір тартылу байқалады. Тері қабаты бозарған немесе көгерген. Ұстағанда суық болады. Тамыр бүлкілі минутына 36 соғысқа дейін төмендейді. Артерия қысымы айтарлықтай төмендейді. Дем алу қиындап, минутына 3-4 рет болады. Бұл деңгейде үсік алудың ауыр түрі байқалып, дене мұздай суық болып қалады. Тері қабаты терең зақымданады.    

Үсік шалу дәрежесі:

І дәрежелі үсік шалу (ең жеңіл түрі), әдетте, суықтың қысқа уақытта әсер етуінен туындайды. Зақымдалған тері учаскесі ақшыл болып, жылынғаннан кейін қызарады, кей-кезде реңі бозғылт-қызыл болады, ісік туындайды. Тері жансызданбайды. Үсік шалғаннан кейін бір апта соңында тері қабаты түсе бастайды. Науқас үсік шалғаннан кейін 5-7 күннен кейін жазылып шығады. Бұндай үсік шалудың негізгі белгілері – күю сезімі, зақымдалған тері учаскесінің шаншып соңынан ұйып қалуы. Содан кейін тері қышуы мен ауырсыну пайда болады, олар әлсін-әлсін бірақ анық болады. І дәрежелі үсік шалғанда үсіген тері қабатын қызарғанша жылы алақанмен жылытып, уқалау қажет, жүн матамен, демнің жылуымен жылытып, соңынан мақта-дәкемен таңады.

ІІ дәрежелі үсік шалу, әдетте, суықтың ұзақ уақытта әсер етуінен туындайды. Алғашқы уақытта тері ағарады, тоңады, жансызданады. Бірақ, бұл белгілер үсік шалудың барлық дәрежелерінде байқалады. Сондықтан, бұл үсік шалу дәрежесінің ерекшелігі, алғаш күннен бастап зақымдалған тері орнында іші түссіз сұйыққа толған көпіршіктердің пайда болуы. Тері қабатының толық жазылып шығуы 1-2 аптаға созылады, зақымдалған жерде тыртықтар қалмайды. ІІ дәрежелі үсік шалғанда жылытқаннан кейін ауырсыну І дәрежелі үсік шалғаннан ұзағырақ және қарқынды болады, тері күйіп, қышу мазалайды.

ІІІ дәрежелі үсік шалу - суықтың әсер ету уақыты ұзарады және төмен температураның жұмсақ етті терең зақымдайды. Алғашқы уақытта пайда болған көпіршіктердің іші қан аралас сұйыққа толады, түбі қызғылт-көк, түршігу сезінбейді. Терінің барлық элементтері өле бастайды және соңында үсіген жер түйіршектеліп тыртық пайда болады. Түскен тырнақтар өспейді, ал өскен жағдайда деформацияға ұшырайды. Өліп қалған тері қабаты 2-3 аптада түседі, ал соңынан тыртықтану 1 айға дейін созылады. ІІІ дәрежелі үсік шалғанда ауырсыну ІІ дәрежелі үсік шалғаннан ұзағырақ және қарқынды болады.

ІV дәрежелі үсік шалу - суықтың әсер ету уақыты өте ұзақ және төмен.

жұмсақ етті өте терең зақымдайды. Бұл дәрежеде үсік шалудың ІІ және ІІІ дәрежесі қатар жүреді. Жұмсақ еттің барлық қабаттары өледі және сүйек пен буындардың зақымдануы жиі кездеседі. Зақымдалған қол-аяқтар ерекше көк түсті, кей-кезде мрамор сияқты сұр түсті болады. Жылытқаннан кейін ісік пайда болып өте тез ұлғая бастайды. Тері температурасы зақымдалмаған жерден әлдеқайда төмен. ІІ және ІІІ дәрежелі үсік шалған орындарда көпіршіктер пайда болады. Үсік шалған жерде көпіршіктердің жоқ болуы және ісіктің үлкен болуы – үсік шалудың төртінші дәрежесін көрсетеді. Ауаның төмен температурасында ұзақ болу үсікке шалдырып қоймай, ағзаның толық сууына әкелуі мүмкін. 

Үсік шалған кездегі алғашқы көмек

Алғашқы көмек дегеніміз- тоңуды тоқтату, қол-аяқтарды жылыту, суықтан зақымдалған учаскелерде қан айналуды қалпына келтіру және ифекцияның дамуына жол бермеу. Ең алдымен, үсік шалу белгілері бар науқасты жылы жайға жеткізіп, аяқ киімін, шұлығын және қолғабын шешу керек. Дереу жедел жәрдем шақырту қажет.

І дәрежелі үсік шалғанда үсіген тері қабатын қызарғанша жылы алақанмен жылытып, уқалау қажет, жүн матамен, демнің жылуымен жылытып, соңынан мақта-дәкемен таңады.

ІІ-ІV дәрежелі үсік шалғанда тез жылыту, массаж немесе уқалау жасаудың қажеті жоқ. Зақымдалған жерге жылу шығармайтын дәке таңу қажет (қабатталған мата, қалың мақта қабаты, тағы да мата, үстінен клеенка немесе резеңке мата). Зардап шеккендерге ыстық тамақ, ыстық шай, 1-аспирин,1- анальгин және 2 таблекта но-шпа дәрісі беріледі.  

Үсік шалудың алдын алу

Аязды күндері үсік шалуды болдырмаудың бірнеше ережесі бар: спирттік ішімдік ішпеңіз-алкоголден мас болу адам денесінің жылуын алып қояды. Сонымен қтар мас адам салқындап қалғанын аңғармай қалуы мүмкін. Аязда темекі шекпеңіз, бұл қан айналымды баяулатады. Кең киім киіңіз, бұл да қан айналымның жақсы жүруіне ықпал етеді. Сыртқы киіміңіз міндетті түрде су кірмейтін болуы керек. Қысатын аяқ киім, табанға төсегіштің болмау, шұлықтың дымқыл болуы үсік шалуға алып келеді. Аяғы тершең адамдарға аяқ киімге мән беру керек. Аяқ киімге төсегіш салып, мақталы шұлықтың орнына жүн шұлық кию керек, жүн дымқылды өзіне тартып алып аяқты құрғақ ұстайды.

Аязды күндері далаға қолғапсыз, бас киім мен шалмасыз шықпаңыз. Қолғаптың су өтпейтін ішінде жүні бар болғаны абзал. Бет пен мойынды шалмамен қорғаңыз. Желді салқын күндері ашық жерлеріңізге арнайы крем жағып шығыңыз. Аязды күндері темірден, алтыннан , күмістен жасалған бұйымдар тақпаған абзал. Біріншіден темір адам денесіне қарағанда тез салқындайды да, денеңізге тиіп, жабысып қалуы немесе тоңдыруы мүмкін. Екіншіден саусақтарға тағылған сақиналар қан айналым процесін баялатады.

Жалпы аяз күндері жалаңаш терінің темірге тиюін болдырмаған жөн. Сонымен қатар қасыңыздағы досыңыздың көмегіне жүгінуге болады, оның бетіне, құлақтарына қарап өзгерістерді айтып отырыңыз, ал ол өз кезегінде сізге де айтады.

Бір үсік алған жеріңіздің тағы да тонып қалуын болдырмаңыз – бұл зақымданған жердің ауруын екі еселендіреді. Аязға тонып қалған аяғыңызды шешпеңіз, себебі тонып қалған жерлеріңіз ісіп, қайтадан аяқ киіміңізді кие алмайсыз. Тонған кезде жылдам жылы жерге жетіп алған жөн. Қолыңыз тонса оны қолтығыңыздың арасына салып жылытыңыз.

Аязды күні алысқа шыққан кезде бірнеше айырбастап киетін шұлық, қолғап және ыстық шай құйылған термос алып шыққан жөн. Аязға шығар алдында тамақтанып шыққаныңыз абзал, сізге жолда энергия қажет болуы мүмкін.

Балаларыңызды аязды күні ойнауға далаға жіберген уақытта 15-20 минут сайын үйге кіріп жылынып шығуын қадағалаңыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.. А. А. Вишневский, М. И. Шрайбер, Москва, Медицина, 1975г. 
2. Военно-полевая хирургия. К. М. Лисицын, Ю. Г. Шапошников, Москва, Медицина, 1982г

3. Руководство по травматологии. А. И. Кузьмина, Москва, Медицина, 1978г.

4.Общая хирургия. В. И. Стручков, Москва, Медицина, 1983г.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК

Қан кетудегі көрсетілетін көмек

Қан кету қантармырларымызды жарақаттау себебінен туындайды. Жарақат алып, қансыраған адамға тиісінше алғашқы көмек көрсетіп, міндетті түрде бірден оны таңып тастауы қажет. Артериядан қан кеткен жағдайда дереу тоқтатудың амалын жасаған дұрыс, себебі қан тез ағып кетеді. Мысалы сан артериясынан қан аққанда көмек көрсетуге 2 минуттай ғана уақытыңыз бар.  Қан кету кезінде ең алдымен, қандай қан тамырлары – күретамыр, артерия, капиллярлар зақымданғанын біліп алу қажет. Осыған байланысты алғашқы жәрдем көрсетіледі. Артерия зақымданған кезде қан ақшыл қызғылт түсті болады және жарадан атқылайды. Артерия қаны жүректен периферияға түсетіндіктен, қан ағуын зақымданған жерден жоғары жердегі тамырды басу қажет. Артерияны сүйекке қатты қысу арқылы қысуға болады. Егер қан кету иықтың, иық маңының және қолдың орташа және төменгі үштен бір бөлігіндегі жарадан болса, иық артериясын басу қажет, егер қан кету иық буындары, қолтық асты, бұғана аймағындағы жарадан кетсе, онда бұғана немесе ұйқы артериясын басу қажет. Егер аяқ жақтан қан кетсе, онда жамбас артериясын басады.


Жеңіл жарақаттан бастап, күре тамырдан кететін қанды тоқтатудың түрлі жолы бар.

Жарақатты қысу

Қан ағып жатқанды көргенде адамның ең басты жасар әрекеті жарақатты басу. Бұл дұрыс әрекет. Себебі қан көзіне күш түсіріп оны тоқтатудың амалы осы. Жарақатты тиімдірек тәсілдер немесе құралдарды қолданғанға дейін мейлінше қатты басу қажет. Ергер жардап шеккен адам есінен айрылмаса өзі де қысуына болады. 

Қысым нүктелерін қысу

Сонымен қатар артериялы қан ағуды жарақаттан жоғары артерияны қысу арқылы тоқтатуға болады. Бұл тәсілді артерияның теріге мейлінше жақын орналасқан нүктелерінде жасаған жөн.

Жгут салу  

Сыртқы кең көлемді қан кетуді тоқтату мақсатында жгут қолданылады. Бұған Эсмарха резина жгуты немесе тосыннан алынған жгут болуы мүмкін. Жгут жарақат орнынан 5-8 см жоғары байланады. Жгутты дұрыс қолданудың көрсеткіші қанды тоқтатуда. Міндетті түрде жгут салынған уақытты белгілеп немесе жазып қою қажет.

Жарақатты тампондау

Егер қатты қан ағуды жгутпен тоқтату мүмкін болмаса жарақатты тампондау қажет. Бұған гемостатикалық дәкелер қолданылады. Соынмен қатар жарақатты қарапайым дәкемен байлап тампондауға болады. Байлаудың дұрыс техникасын қолданған жөн: сүйек пен жүрек бағыты бойынша жарақаттың түбінен тампондау қажет; жарақатқа мейлінше тығыздап тампон салу; тампонды 3-5 минутқа ұстау; жарақатты басып таңғыш байлау.

Қысып байланған таңғыш

Қысып байлаудың тиімді тәсілі қысымы бар бандаж болып есептеледі. Соынмен қатар созылмалы немесе қарапайым бинтті (кез - келген қолда бар, жарақатқа қысым беретін затпен) пайлалануға болады. Жараның бетін таза мәрлі шүберекпен жабу қажет.

Дем алу жолдарын тексеру және ашу

Зардап шеккен ессіз жатқан адамның  барлық бұлшық еттері босаңсиды, сонымен қатар тілі. Бұндай жағдайда шалқасынан жату қауіпті, себебі тілі дем алу жолдарын бітеп, адам түншығып қалуы мүмкін. Зардап шеккен адамға дем алуға мүмкін жасау алғашқы көмек көрсетудің басты іс-әрекеті. Егер адам 4-6 минуттай дем алмаса миға ауа бармай өліп кетуі мүмкін.

Демалу жолдарын қалыптастыру шаралары:  

  1. Зардап шегушінің басын шалқайту;
  2. Аузын ашу;
  3. Астыңғы жағын төменге басып өзге заттардан тазарту (тістің сынықтары, сілекей, қан, құсық) қажет.

Дем алуды тексеру

Дем алуды қалыптастырғаннан кейін демді қадағалау қажет.

  1. Зардап шегушіге еңкею;
  2. Демінің дыбысын есту;
  3. Оның кеудесінің жоғары-төмен қозғалысын бақыла. Құрсақ өріміне қолыңды қойып тексеру қажет.

10 секунд аралығында дем алуды санау қажет. Адамның демалу нормасы минутына 12-20 рет. Сәйкесінше 10 секундта 2-3 дем алу естілу қажет.

Егер зардап шегуші жақсы демалып жатса, оның еш жері зақымданбаса, оған қолдан дем беру немесе жүрек-өкпе реанимациясы қажет болмаса, оны қалыпқа келу үшін бір жақ жанына жатқызу қажет.  Ол үшін зардап шегушінің басын, иығын және бөксесін бір жақ жанына бірге аудару қажет. Жоғарыда болатын аяғы 90 ° қа бүгілуі қажет.  Бұл жатқан қалпын орнықты етеді. Бұл қалып дем алу жолдарының ашық болуына, мойын-омыртқаны қалыпты ұстауына, құсық пен қанның тамағына кіріп кетпеуіне мүмкіндік береді.

Жүрек-өкпе реанимациясы  (ЖӨР)

Жүректі тікелей емес ұқалау.

Өкпені жасанды желдету.

Жүректі уқалауда компрессияның  байланысы саны 30:2, реанимация жасап жатқан адамның санына қарамастан.

Әр адам жүрекке реанимация жасауды білгені абзал. Жүрек тоқтап қалған кезде бірден іске кірісу қажет.

Егер төс сүйекті басса, жүрек көкірек қуысы мен омыртқа ортасында қысылады да оның қуысынан қан тамырларға сығылады. Бұл жасанды түрде қан айналымын қалыпқа келтіретін жүрек сыртына (тікелей, жабық түрде емес) массаж жасау деп аталады. Осылайша қолмен дем алдыруды жүрек сыртына массаж жасаумен үйлестіру кезінде тыныс алу, қан айналу қызметтері жасанды түрде жүргізіледі. Реанимациялық шараларды жүргізу қажеттілігінің көрсеткіші мынадай белгілер: тері қабатының бозыңқырауы немесе көгеруі, есін жоғалту, ұйқы күре тамырының соқпауы, демалуының тоқтауы немесе терең дұрыс дем алмауы тән болып жүрек қызметінің тоқтауы табылады. Жүрек тоқтаған кезде бір секундты да кетірмей зардап шеккенді тегіс қатты жерге: орындықтың, еденнің, болмаған жағдайда арқасына (иығы мен мойынының астына жұмсақ жастық қоюға рұқсат етілмейді) тақтай қойып жатқызады.
Егер көмекті бір адам көрсетіп жатса, ол зардап шеккеннің жанына орналасады және еңкейіп екі рет жігерлі түрде («ауыздан ауызға» немесе «ауыздан мұрынға» тәсілі бойынша) үрлейді, содан кейін кеудесін көтеріп, зардап шеккеннің жанында отырып, төс сүйегінің төменгі жағына саусақтарын көтере бір қолының алақанын қояды. Екінші қолының алақанын бірінші алақанының үстіне көлденең немесе жанына қойып, денесімен ырғағымен септігін тигізе отырып, басады. Басу кезінде қолдың шынтағы бүгілмейді.
Басуды жылдам төс сүйекті 4-5 см итере отырып, басу ұзақтығы 0,5 с аспайтындай, бөлек басу арасындағы ұзақтық 0,5 с кезде жүргізіледі. Үзіліс жасаған кезде қолды төс сүйектен алмайды, саусақтары түзу қалпында болып, қолдың шынтақтары бүгілмейді.
Егер тірілтуді бір адам жүргізсе, әр екі үрлеуге ол 5 рет төс сүйекті басады. 1 минут ішінде 100-120 рет төс сүйекті басады. Егер реанимациялық шаралар дұрыс жүргізілсе тері қабаты қызғылттанып, қарашықтары жіңішкереді, өздігінен дем алу қалпына келеді. Егер массаж жасау кезінде басқа адам ұйқы күре тамырының соғуын бақыласа онда ол анық сезіледі. Жүректің қызметі қалпына келтірілгеннен және тамырдың соғуы анық сезілгеннен кейін, жүрек сыртына массаж жасауды дер кезінде тоқтатады, зардап шегуші нашар дем алған кезінде қолдан дем алдырудың қалыпты және қолмен дем алдыруы сәйкес келетіндей етіп жалғастырылады. Сондай-ақ, қалыпты өздігінен дем алу қалпына келтірілген кезде қолмен дем алдыруды тоқтатады.

Кеуде жарақаттары

Кеуде жарақаты адам өміріне қауіпті болып саналады, себебі, бұл бөлікте өмір сүруге қажетті жүрек пен өкпе орналасқан. Жүректі жарақаттау өлімге алып келеді. Кеуденің көп бөлігін өкпе алып тұрады. Егер зақым келтірген зат осы аймаққа кірсе, оған ауа кіріп, өкпе мен жүрек өз қызметін қажетті деңгейде атқара алмайды. Зардап шеккен адамда келесі жайыттар байқалады:

ентігу;

зақымданған жерінен көпірік қан ағады;

тері асты эмфиземасы байқалады.

Кеуде жарақатындағы алғашқы көмек

  1. Зардап шегушіні ыңғайлы отырғызу қажет.
  2. Жарақатты герметикалық затпен бітеп қою керек. Полиэтиленді затпен жауып скоч немесе лейкопластырмен жабыстыру қажет.
  3. Жапсырылғанның үстінен таңғышпен байлау қажет.
  4. Үнемі жараның беті ашылып кетпеуін бақылау қажет.
  5. Зардап шегуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізілуі қажет.

Сынықта көрсетілетін алғашқы көмек

Сынық кезінде кез-келген қатты материалдан дереу сыныққа таңғыш салып, орап байлау керек. Таңғыш болмаса, онда сынған аяқты сау аяққа тақап байлап, ал зақымданған қолды орамал арқылы мойынға асып қою қажет. Сынық ашық болса, жараның айналасын йодпен сүртіп, стерильденген таңғыш байлаған жөн.

Шинаны қалай салу керек?

Әдетте шинаны зардап шегушінің сынған қолы немесе аяғын бір қалыпта ұстап тұру үшін салады. Шинаны қолда бар ұзын, қатты, жалпақ заттан жасайды. Бастысы таңдап алған заттың екі бөлікке жетуі керек. Шинаны салғанда астына бірнеше бүктелген мата салу қажет.

Зардап шеккен жердің шығып кеткенін немесе сынғанын анықтаймын деп анда-мында қозғалтуға болмайды. Сонымен қатар өз бетімен орнына салуға тырыспау қажет. Шина салған кезде зақымданған дене бөлшегін түзетпей, зардап шегушіге ыңғайлы қалыпта бекіту қажет.