35 SKO Brieff 8 ақпан күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында Мағжан Жұмабаев ауданы төтенше жағдайлар бөлімі мен Булаев қаласы 12 өрт сөндіру бөлімі бірігіп, жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша брифинг өткізді. Брифингке жергілікті полиция қызметі, бұқаралық ақпарат құралдары мен аудандық әкімдіктің өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде Мағжан Жұмабаев ауданының аумағындағы өрт қауіпсіздігі жағдайы мен аудан тұрғындарының өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды талқылау туралы екі сұрақ қаралды.
Алғашқы сұрақ бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Диас Әубәкіров баяндама жасады.
Оның айтуынша, жыл басынан бері ауданда 9 өрт және 1 газдан улану оқиғасы тіркелген. Жалпы тұрғын үй секторындағы өрттердің көбі жылыту маусымында орын алады, мәселен, қазан-сәуір айлары аралығында шамамен 30-35 өрт оқиғасы тіркеледі екен. Сол себепті, төтенше жағдайлар бөлімі мен өрт сөндірушілер аулаларды аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын өткізіп келеді. Сонымен қатар, жергілікті БАҚ беттерінде және интернет-ресурстарда мақалалар жариялап, елді мекендерде бүктемелер таратады.
Баяндаушы аталған іс-шаралар жергілікті әкімдіктердің, полиция қызметі мен әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің бірлескен жұмысының арқасында ғана іске асатынын еске салды.
Ал екінші сұрақ бойынша аудандық БАҚ өкілдерінің қойғансауалдарына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Назымбек Елемесов жауап берді.
Журналистер жеке тұрғын үй секторында орын алатын өрттің басты себептерін сұрады.
- Бірінші себеп – ол жылыту пештерін орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін дұрыс сақтамау, осындай бұзушылықпен пештерді пайдалану (мұржаларды уақытында тазаламау, мұржалардың жарылуы, жылыту пешінде жанатын материалдарды кептіру (аяқ киім, отын, киім), тез жанатын материалдарды қолдану, пешті қараусыз қалдыру.
Екінші себеп – ол отты абайсыз қолдану (төсекте шылым шегу, үй немесе қоралардың іргетасына күл төгу, құрылыс жанында қоқыс жағу).
Үшінші себеп – ол электрқұрылғыларын пайдалану ережелерін бұзу, яғни әртүрлі тұрмыстық техниканы (үтік, плита және т.б.) дұрыс пайдаланбай, жағу күйінде қалдыру.
Осы үш басты себеп өрттің орын алуына алып келеді, - деді Назымбек Келденбайұлы.
Брифинг барысында өрттер қай кезде орын алатыны туралы сауал қойылды. Жалпы өрттердің басым бөлігі демалыс және мереке күндері орын алады екен, өйткені адамдардың көбі бұл кезде үйлерінде болады. Яғни пештер, электрқұрылғылар тәулік бойы жұмыс істеп, оларға үлкен салмақ түседі. Осы кезде жеке тұрғын үй секторында өрт шығу қаупі ұлғаяды.
Кездесуде төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша алдын алу, үгіт-насихат жұмыстарына адамдар түсіністікпен қарайтынын жеткізді. Сондықтан аталған жұмыстар жыл бойы жалғасын таппақ. Брифинг барысында қойылған басқа да сұрақтарға тиісті жауаптар айтылып, түсініктемелер берілді.
Брифинг соңында жеке тұрғын үйдің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігітікелей иелеріне тиесілі деп айтылды, осылайша аудан тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және азаматтық қорғау қызметкерлерінің ұсынымдарын назардан тыс шығармауын сұрады.
 
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ
«Мағжан жулдызы» газетының шеф-редакторы