31 Shymkent «Отырар» телеарнасындағы «Жаңа күн» бағдарламасының тікелей эфирінде Шымкент қаласы ТЖ департаментінің Абай ауданы ТЖ бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау аға лейтенанты Алибек Искаков сұхбат берді. Тікелей эфирде көрермендерге жылу беру маусымында өрт қауіпсіздік қағидалары мен уланудың, қайғылы оқиғалардың алдын алу туралы мәліметтер жеткізілді.
Бөлімнің бас маманы басым көпшілік өрттер тұрғын секторында болатындығын айтып өтті. Жаңа 2019 жылдың басында Абай ауданында улы газдың әсерінен жеке үйде газ колонкасының ақаулығынан табиғи газбен уланып, оқиға орнында 2005 жылы туған жасөспірім қайтыс болды. Халық үшін ең қауіп төндіретіні улы газ. Өрт шықпауы да мүмкін, алайда пешке от жағу кезінде қауіпсіздік қағидалары сақталмаса, улы газ бөлініп, ауадағы оттегінің мөлшері азаяды. Сондықтан да өрттердегі зардап шегушілердің көбісі тікелей оттан емес, түтінге және жану кезінде бөлінетін улы заттарға тұншығып, қаза болады. Тұрғын секторындағы адамдардың улы газдан зардап шегуінің басты себептері – ұйқы кезі екендігін естеріне салды.
«Біздің мақсатымыз әр үйді аралап, қауіп туралы адамдарға ескертіп, нұсқаулық өткізу, сондай-ақ пешті қадағалау, жазатайым оқиғаларға жол бермеу үшін қажетті кеңес беру», - деп азаматтық қорғау аға лейтенанты А.Искаков нақтылады.
Эфир уақытын пайдаланып, ТЖ маманы тұрғындарға қауіпсіздік қағидаларын еске салды. Сонымен бірге, тұрғындарға 101 және 102 нөмеріне тек қана жедел құтқару амалдарын жүргізуді талап ететін төтенше жағдайлар және өзге де жағдайлар қауіпі орын алған кезде қоңырау шалу туралы ескертті.
 
Шымкент қаласы ТЖД
мемлекеттік тіл және ақпарат тобы