16 Jambyl efir Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінің қызметкерлері «Jambyl» телеарнасына қонақ ретінде барып, тікелей эфирде өтетін «Tangy time» телебағдарламасына қатысты.
Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Жақсылық Бекбергенов телекөрермендердің назарына өрт сөндірушілердің күнделікті қызметі, болашақта атқарылатын істер туралы әңгімелей келе қызметке орналасқан жас мамандардың алғаш рет өрт оқиғасына қатысқан сәттегі жай-күйін, олардың тілсіз жауды қалай бағындыратынын тілге тиек етті. Ол сондай-ақ өрт сөндіруші мамандығының әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың қатарына жататындығын, күнделікті қызмет барысында қызметкерлер өз өмірін тәуекелге тігетінін, себебі әр шақырту сайын олардың алдынан не тосып тұрғандығынан бейхабар болатындығын жеткізді.
Тікелей эфир барысында Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Нұрғазы Бердіханов өзінің күнделікті жұмыс барысында немен шұғылданатындығын көрермендер назарына жеткізіп, бүгінгі таңда халықты тілсіз жаудан арашалап жүрген өзінің қызметіне көңілі толатындығын да жасырмады. азаматтық қорғау органының қызметкерлері тікелей эфир барысында Жамбыл жұртшылығын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жалпы қысқы күн күрт суытып, қарлы борандар мен күртік қардың шамамадан тыс түсуі секілді ауа-райының қолайсыздығы адамдарды әбігерге түсіретіндігін де тілге тиек етті. Мұндай шақта әрине көмек қолын созатын осы өрт сөндіруші-құтқарушы мамандар болатындығы елге аян.
Олар сондай-ақ болашағын от жауынгері ретінде елестететін жандар үшін Көкшетау техникалық институтында жоғары білім алып, арнайы офицер атағын иеленіп, Отанға қызмет ету үшін азаматтық қорғау органына жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері бар екендіктерін жеткізді.
 
Жамбыл облысы ТЖД
Өрт сөндіру мекемесінің
Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы