2018 жылы Алматы қаласының аумағында болған 727 өрттің 413-і тұрғын үй секторында болды, бұл туралы бүгінгі өткен брифингте Алматы қаласының ТЖД бастығы өртке қарсы қызмет генерал-майоры Серік Әубәкіров хабарлады.
Өртте қайтыс болғандар мен барлық улану жағдайларының жалпы санының 70 пайызы жекеменшік тұрғын үй секторында орын алғанын атап өтті. Адамдар өлімінің себептерін талдау кезінде 75 пайызы улы газдың әсерінен көз жұмғандары белгілі болды.
Улы газдың пайда болуының себебі: түтін мұржаларының ақаулығы, пештердегі жарықтар мен пештерді пайдалану ережелерінің бұзылуы болып табылады.
Алматы қаласының ТЖД талдауына сүйене отырып, 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымында өрттерден адам өлім-жітімі мен жарақатын азайту бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді.
Жалпы алғанда, Департамент жеке тұрғын үй секторында орналасқан 145 мыңнан астам жеке үйді есепке алды. Жылыту маусымының алдында Департаменттің жеке құрамымен жеке үйлерге 100 пайыз аралау жүргізілді. Жазатайым оқиғалар қайталанған 47 мыңнан астам үйге қайтадан аралау, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Үй иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы нұсқаулар берілді және 10 530-дан астам адам қамтылған 542 кездесу өткізілді.
Жергілікті полициямен бірлесіп жұмыс жасау жоспарлары келісілді және тұрғындардың «қозғалысы шектеулі» деп аталатын топтарын бақылауға алдық. Бұған мүгедектер, қарт адамдар, жағдайы төмен отбасылар мен әлеуметтік бейімделмеген азаматтар жатады. Соңғы екі аптаның ішінде ТЖД қызметкерлері аз қамтылған отбасылардың үйлері мен алкогольді ішімдік ішуге бейім адамдарға 115 рет рейд жасады.
Әкімдіктің қолдауымен алғаш рет барлық ПИК басшылары мен 1364 қызметкерлер қатыстырылған оқыту өткізілді.
47 оқу орындарында оқушылар мен мен қызметкерлерге эвакуациялау бойынша оқу-жаттығулар өткізіліп, оқу-жаттығуға арнайы өрт сөндіру техникалары тартылды.
Қаланың 200 жалпы білім беру орындары қамтылған 5 интерактивті сабақ өткізілді, онда 200 мектеп, сондай-ақ Алматыдағы 33 білім беру мекемелері қамтылды.28 викториналар мен конкурстар ұйымдастырып өткізіліп, 11 фильм мен бейнероликтер көрсетілді. Олардың барлығы өрттің, соның ішінде тұрғын үй секторындағы болатын өрттің алдын-алуға бағытталған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы өрттен жарақаттанғандар саны 33,3% -ға, улы газдан уланғандар саны 55% -ға, табиғи газбен уланғандар 3 % азайды, - деп атап өтті Серік Әубәкіров. Сонымен бірге, өрт сөндіру бөлімшелерімен өрт кезінде 153 адамды құтқарып, 2051 адам эвакуацияланды, құтқарылған мүліктің жалпы құны 2 млрд 303 млн 770 мың теңгені құрады - деді спикер.
7 ақпан күні табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болдырмау және жою, жеке тұрғын үй секторларындағы өрттердің алдын алу және ескерту бойынша қалалық комиссияның отырысы өтті, комиссияның шешімімен Алматы қаласының ТЖД базасында осы жұмысты ұйымдастыру үшін арнайы штаб құрылды.
Комиссия ауадағы улы заттарды анықтайтын улы газ датчиктерін енгізу бойынша ТЖД-нің бастамасын қолдады. Аудан әкімдеріне қаланың әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылары мен тұрғындардың «қозғалысы шектеулі» топтарының үйлеріне аталған датчикті тегін орнату мәселесін шешу тапсырылды.
Өткен демалыс күндері 12 мыңға жуық жеке тұрғын үйді аралап, түсіндірме жұмыстары жүргізілді, онда мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрғындардың «қозғалысы шектеулі» топтарына ауадағы улы заттарды анықтайтын улы газ датчигі орнатылды.
Жеке тұрғын үй сектордағы өрттің алдын алу тұрақты түрде бақыланады және жылыту маусымының соңына дейін жалғасатын болады.
 
Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі