Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі орынбасарының басшылығымен республика территориясында өтіп жатқан «Қыс-2016» Республикалық командалық – штабтық оқу-жаттығуы авариялық құтқару қызметі мен Азаматтық қорғаныс құрылымдарына жақсы бір сынақ болды.
Батыс Қазақстан облысында оқу-жаттығуға Азаматтық қорғаныс бастығы - Батыс Қазақстан облысының әкімі А.С.Көлгінов басшылық етті.
Аталған оқу-жаттығудың мақсаты - Азаматтық қорғаудың Мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, сондай-ақ басқару органдарын, күштер мен құралдарды қыс кезеңіндегі төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылдарға дайындау.
Оқу-жаттығуға өрт қызметі, жедел құтқару жасағы, медицина апаттар орталығы, медициналық қызмет, қоғамдық тәртіп қызметі, сауда қызметі, көліктік қызмет, инженерлік қызмет, электр желілерінің апаттан құтқару бригадасы, газ желілерінің апаттан құтқару бригадалары қатыстырылды.
Оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде оқу-жаттығудың басшысы Азаматтық қорғаныс бастығы - Батыс Қазақстан облысының әкімі А.С.Көлгінов шұғыл әрекет ету жасақ құрылымдарының саптық дайындығын тексерді.
Шұғыл және коммуналдық қызметтер өздерінің көліктері мен жабдықтарын көрсетіп шықты. Байқауға 128 адамнан және техниканың 38 бірлігінен құралған 15 ұйым қатысты.
Облыс әкімі құрылымдардың жеке құрамының жасақталуына, құрал жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, сонымен қатар, құрал жабдықтардың техникалық жұмысқа жарамдығына, жеке құрамның функционалдық міндеттерін білу деңгейіне назар аударды.
Бұдан әрі, штабтың басшылық құрамы оқу-жаттығудың тәжірибелік кезеңі өтетін №2 оқу-орнына барды.
Екінші кезеңде оқу-жаттығу бірнеше бағыттар бойынша 4 оқу орындарында өткізілді. Олар: «Зардап шеккендерді қабылдау және алғашқы медициналық көмек көрсету», «Зардап шеккендерді іздеу және қираған ғимарат құрастырылымдарын тазалау», «Өрт сөндіру, қираған ғимараттардан және құрылыстардан зардап шеккендерді іздеу және құтқару, улы қалдықтардың жайылып кетуін жою», «Ғимараттың жоғарғы қабатындағы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу».
Аталған шараға 12 ұйымнан 123 адам және 20 техника қатыстырылды.
Алдымыздағы қыстың қандай сынақтар дайындап отырғаны беймәлім. Сондықтан барлық жаттығулар кезінде азаматтық қорғау құрылымдарының облыс аумағында болуы ықтимал төтенше жағдайларды жою әрекетіне дайындығы, соның ішінде, құтқару-іздестіру жұмыстарын жүргізу, зардап шеккендерге психологиялық және алғашқы медициналық көмек көрсету, коммуналдық қызметтердің тіршілікті қамтамасыз ету жүйесіндегі аварияларды қалпына келтіру, өрт сөндіру, адамдарды уақытша орналастыру аудандарына эвакуациялау, жылыту пункттерін ашу, азық-түлік беру және алғашқы керек-жарақтарды беру жұмыстарының деңгейі тексерілді.
Оқу-жаттығудың келесі кезеңінде жолдың жанындағы күртік қарға малтығып қалған жүк машинасын сүйреп шығару және зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсету, қауіпсіз жерге орналастыру жұмыстары жүргізілді.
Жаттығудың бұл түріне 10 техника және 25 адамнан құралған өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, жол және көпірлер қызметі, жедел-құтқару жасағы, медицина апаттар орталығы, аралас жол көлігі, әкімшілік полиция жұмылдырылды.
Практикалық іс-шаралар аяқталған соң Төтенше жағдайлар департаментінде облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы және онлайн тәртібінде ТЖ алдын-алу және жою комиссиясының төрағалары мен министрлік жедел топтары жетекшілерінің баяндамаларын тыңдау өткізілді.
Оқу-жаттығу нәтижелері азаматтық қорғау қызметтері, сондай-ақ тіршілік ету объектілері қысқы кезеңге дайын екенін дәлелдеді.
Батыс Қазақстан облысы
Төтенше жағдайлар департаментінің
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы