Мемлекеттік қызметшілердің әдебі мемлекеттік қызметке деген сенімнің негізі болып табылады. Мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.
Осыған байланысты заңшығарушы оларға жоғары талап қояды, оның ішінде моральдық-әдеп қағидаларының нормаларына. Бұл нормалар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) нақтыланған.
Мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыру мақсатында 2015 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің № 153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) бекітілді.
Мемлекеттік қызметшінің маңызды тапсырмаларының бірі – Әдеп кодексін сақтау болып табылады.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерге Жалпы ережелерді; Мінез-құлықтың жалпы стандарттарын; Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттарын; Қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттарын; Көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттарын белгілейді.
Бүгінгі күні Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік қызметшілерімен Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері Департаменттің кадр жұмыстары бөлімінің үнемі бақылауында.
 
М. Кұрманғалиева
Павлодар облысы ТЖД
заң тобының бас маманы