Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы — ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу — біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау — өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз.
Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Біз ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан тату еліміз. Алайда мемлекеттік тілдің мәртебесі қашан да жоғары тұруға тиіс.
Мемлекеттік тіл қай заманда да аса маңызды да ең өзекті мәселе болып табылған, ол — ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу — өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Ол үшін тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қоя қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгерері анық.
Тәуелсіздіктің рухын асқақтатқан тіл мәртебесін көтерудегі ауқымды істің басы-қасында үнемі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің жүруі жұртты үнемі жарық үмітке жетелейді. Президентіміз: «Біз баршақазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек... Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтар өкілдерінің ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыруымыз қажет», – деп атап көрсеткен болатын.
Сонымен қатар Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» деп қадап айтқан пікірі баршамыздың берік ұстанатын қағидамыз болуға тиіс.
Біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдердің дамуына еш нұқсан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау – қамқорлық аясын тіпті де тарылтпай отырып, қалай дегенде де Қазақстан Республикасы мемлекетінің негізін құраушы, ел-жер иесі қазақ халқының ұлттық тілі — қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлінше кең көздеуге маңыз береріміз белгілі. Бұл — әр қазақстандықтың қастерлі парызы.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі — ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол — қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл — ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырамас белгісі. Сондықтан да ең басты міндетіміз – тілдің тағдыры өз қолымызда екендігін ұмытпау.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл қазақ тілін дамыту,оның қолдану аясын кеңейту, дамуы мен жетілуіне жан-жақты қамқор жасау – бүгінгі күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Осындай мемлекеттік маңызды мәселені жүзеге асыру үшін арнайы қабылдаған бағдарлама мен іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру бәрімізге ортақ міндет екендігі айқын.
Ендеше, Президентіміздің салиқалы саясатымен еліміздің болашағы да, тіліміздің болшағы да өркендей береді деп сенеміз.
 
Алматы облысы ТЖД
Райымбек ауданы ТЖБ