08 Kz Orda RUXani Zhangyrtu Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі күн тәртібіне қойылғаны белгілі. Мақала жарық көрген күннен бастап осы мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңыздылығы, өзектілігі жан-жақты айтылғаны белгілі. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан нақты шаралар жүзеге асырылып келеді.
Осы бағытта Қызылорда қаласында 12-16 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қызылорда облысы бойынша филиалында «Латын әліпбиін меңгерту. Емле ережелерін оқыту. Мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу» тақырыбында семинар өткізілді. Семинар барысында облыстағы бірқатар мемлекеттік қызметкерлерге латын әліпбиіне көшудің маңызы жөнінде айтты. Латын әліпбиінің емле ережелерін түсіндірді. Алғаш рет латын әліпбиінде жарық көрген «Тіл - қазына» газеті туралы оқытушы Әсел Манасқызы әңгімеледі. «Рухани жаңғыру – жазудан басталады» деп дәрісін бастаған Әсия Берденқызы латын әліпбиімен жазылатын қазақ тілі ерекшеліктеріне тоқталды. Орталықтың оқытушысы Аман Абасилов қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы айтты. Семинар барысында мемлекеттік қызметкерлер қаланың сол жағалауынан ашылған «Рухани жаңғыру» орталығы және «Қызылорда тарихы» музейін тамашалады. Сонымен бірге ақын, қоғам қайраткері ШаҺизада Әбдікәрімовпен өткен кездесудің де тақырыбы «Рухани жаңғыру немесе менің өлеңім – менің өмірім» деп аталды. Аталмыш семинарға облыстағы мемлекеттік қызметкерлермен бірге Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Айгүл Нұрманова да қатысты.
 
Қызылорда облысы ТЖД